Стоковые изображения от Depositphotos
Украинадағы жағдайдың өршігеніне екі аптадай болды. БҰҰ мәліметінше, 24 ақпанда басталған қақтығыстан кейін Украинадан екі миллиондай адам кетіп қалған. Соңғы мәліметтер бойынша, 432 қазақстандық эвакуацияланған. Екі ел арасында қақтығыс басталғалы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кімдермен сөйлесіп, қалай әрекет етті? Tengrinews.kz тілшісі шолу жасады.
15 ақпанда Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Тоқаев Украина төңірегіндегі жағдайды жіті бақылап отырғанын мәлімдеген болатын. Бұл мәселе Владимир Путинмен өткен кездесуде талқыланған. Ресей басшысымен кездесу Кремльде болған еді. 10-11 ақпанда Қазақстан Президенті Мәскеу мен Қазан қалаларына жұмыс сапарымен барды.
«Мемлекет басшысы келіссөз қорытындысы бойынша «жақсы жанжалдан, жаман болса да бітім артық» екенін айтты. Басқаша айтқанда, ымыраға келу үшін нәтижелі дипломатиялық келіссөздердің жалғасқанын жақтайды. Президенттің айтуынша, еуразиялық қауіпсіздіктің бөлінбеу қағидатын ұстанған жөн, оның үстіне бұл қағида 2010 жылы қабылданған ЕҚЫҰ-ның Астана декларациясы мәтініне де енгізілген», — деді Берік Уәли Tengrinews.kz тілшісінің сұрағына жауап беріп.
22 ақпанда Ақордада Президенттің төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл жиыны өтті. Онда Украинадағы жағдайларға байланысты Қазақстанның одан әрі әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері қарастырылды. Жиын барысында Тоқаев әскери-саяси және санкциялық текетірестердің салдарынан ушығуы мүмкін халықаралық ахуалға шұғыл әрекет ету үшін дағдарысқа қарсы жедел шаралар жоспарын қабылдау қажетін айтты.
Артынша Президент Ресей премьер-министрі Михаил Мишустинмен кездесті. Тоқаев пен Мишустин Украинадағы жағдайдың ушығуына және Ресейге халықаралық санкциялардың енгізілуіне байланысты екі мемлекет арасындағы тауар айналымының төмендеуіне жол бермеу жөніндегі бірлескен шараларды қарастырды.
Тоқаев телефон арқылы байланыста
Украинадағы жағдай өрши бастағаннан кейін Тоқаев бірнеше ел президентімен сөйлескен болатын. Президент телефон арқылы сөйлескен ел басшыларының бірі — Франция президенті Эммануэль Макрон. Әңгіме барысында екіжақты экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелер қозғалды, сондай-ақ Еуразия кеңістігіндегі ахуал талқыланды. Мемлекет басшылары тұрақты байланыста болуға келісті.
2 наурызда Президент Путинмен телефон арқылы сөйлесті. Әңгіме барысында Тоқаев Украина төңірегіндегі ахуалға қатысты келіссөздер барысында ортақ келісімге қол жеткізудің аса маңызды екенін атап өткен.
Сол күні Тоқаев Украина президенті Владимир Зеленскиймен де сөйлесті. 3 наурызда Зеленский Twitter-парақшасында Қазақстан Президентімен не жайлы сөйлескенін ашып айтты. Оның сөзінше, әңгіме барысында өңірдегі күрделі қауіпсіздік мәселесі талқыланған.
«Тоқаевпен арадағы әңгіме жаңа ғана аяқталды. Гуманитарлық салаларда ынтымақтасуға келістік. Байланыста боламыз», — делінген жазбада.
7 наурызда Тоқаев Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен телефон арқылы сөйлесті. Әңгіме барысында президенттер Украинадағы ахуал жөнінде жан-жақты пікір алмасқан.
Президент Украина дағдарысын өте ауыр деп санайтынын айтқан. Тоқаев бейбіт тұрғындардың бұдан былай жапа шекпеуі және Украина аумағындағы азаматтық инфрақұрылымның толық қирауына жол бермеу үшін қақтығысты бейбіт жолмен шешудің жаңа дипломатиялық мүмкіндіктерін қарастыру керек деп санайды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан Украина халқына дәрі-дәрмек және басқа да қажетті азық-түлік жағынан гуманитарлық көмек көрсетуге дайын. Қазіргі уақытта оларды көзделген жерге көлікпен жеткізу жолдары қарастырылып жатыр.
Президенттер Украина проблемасы бойынша өзара байланыс жасап тұруға келісті.
Қазақстандықтарды Украинадан эвакуациялау жұмыстары бақылауда
Сонымен қатар, Президент қазақстандықтарды Украинадан эвакуациялау жұмыстарын бақылап отыр. Бұл туралы Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли айтқан болатын.
Президент эвакуациялау жұмыстарын оң бағалаған. Кеше, 7 наурызда Президент Қазақстан азаматтарын осы елден алып шығуға атсалысқан дипломаттарды, құрметті консулдарды, басқа да ведомство қызметкерлерін мемлекеттік наградалармен марапаттау үшін сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен Қазақстанның Украинадағы елшісі Дархан Кәлетаевқа ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
У Tengrinews.kz есть Telegram-канал. Это быстрый и удобный способ получать самые главные новости прямо на твой телефон.
Өзекті жаңалықтарды сілтемесіз оқу үшін Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
По сообщению сайта Tengrinews