Популярные темы

«Мақсатым — Қазақстан туын желбірету»: Алмат Жұманов америкалық промоушенымен келісім шартқа отырды

Дата: 17 декабря 2022 в 17:37 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша


«Мақсатым - Қазақстан туын желбірету»: Алмат Жұманов америкалық промоушенымен келісім шартқа отырды
Стоковые изображения от Depositphotos

Ел арасында Қажымұқан атанып кеткен Алмат Жұманов танымал америкалық Bare Knuckle Fighting Championship промоушенымен келісім шартқа отырды. 

«Бір жылдың ішінде 4 рет жекпе-жекке шықпақпын. Мен қатысатын спорт түрі «Кулачный бой» (жұдырықтасу) деп аталады. Бұндай жарыстарға бұрын соңды қазақ спортшылары шықпаған. Менің ең басты мақсатым — Америкада Қазақстан туын желбірету еді, сол арманым орындалғалы жатыр», — деді Алмат өзінің Instagram парақшасында.

— Алмат, ассалаумағалейкум! Өзіңіз қай өңірде дүниеге келдіңіз? Бала кезден шұғылданған спортыңыз қандай?  

Алматы қаласының тумасымын. Бала кезімнен әскери самбо спортымен, күреспен шұғылданып біршама жетістіктерге жеттім. Оқудың ақшасын төлеу керек болып, жұмысқа тұрғандықтан спорттан аздап шеттеп қалғаным бар еді. Бірақ спортта биіктерді бағындырып әлемге танылу деген арманым үнемі алға жетелеп отырды. 

— Қазақстанда сізді алып күш иесінің бірі ретінде таниды. Бұл күш-қуат қайдан дарыған? 

— Бойымдағы күш-қуат бірінші Алладан, екінші ата-анамнан дарыған. Қанымда бар қазақтың қара күші ғой. Үнемі ептілікті шыңдап, жаттығудың арқасында үш мәрте Гиннестің рекордтары кітабына ендім. Олардың қатарында 112 тонналық теміржол вагонын орнынан қозғап, АН-72 ұшағын бірнеше метрге жылжытқаным бар. Осылайша халыққа кең таныла бастадым. 

— Саяд Гариби есімді салмағы 177 кг болатын иран алыбымен рингте күш сынастыңыз. Осы айқастағы айтулы жеңісіңіз сізге үлкен жолашар болған секілді?! 

— Дубайда «Ирандық Халк» деген атпен танымал жауынгенмен жекпе-жек өткізіп, оны уақытынан бұрын ұтқан соң, көптеген ұсыныстар келіп түсті. Соның ішінде Raynelo Management компаниясы көңілімнен шықты. Қазіргі менеджерім Нұрғазы Исмағамбетов мен жайлы АҚШ-қа бірден ұсыныс тастап, Bare Knuckle FC лигасына таныстырған. Осылайша лига президентінің бірден қызығушылығы оянған екен. 

— Бір миллион оқырманы бар, түр-тұлғасы алып ирандықты нокаутпен жеңуіңіз, беделді лига басшыларының аңсарын аударуы заңдылық. Олар да кімге ұсыныс жасау керектігін біледі ғой..?!

— Менің ұшақ сүйреп, вагонды қозғауым Bare Knuckle FC президентін тәнті етсе керек. Қазақ ұлының күшін бағалаған ол, көп созбай келісімшартты ұсынды. Менеджерім екеуміз барлығын зерделеп, тәуелсіздік қарсаңында қол қойдық. Мен үшін бұл керемет жаңалық. 

— Құттықтаймыз! Жалаң жұдырықпен айқасу өте қауіпті әрі тартысты спорт түріне жатады. Ұсынысты қалай қабылдадыңыз?

— Қуана қабыл алдым. Жалаң жұдырықпен айқасу спорты бойынша АҚШ-та жекпе-жекке шығатын тұңғыш қазақ болмақпын. Бұл мен үшін үлкен мәртебе әрі мүмкіндік. Bare Knuckle FC өте беделді лига саналады, ол жақта бұрынғы UFC жауынгерлері де айқас өткізіп жүр. Әрине қауіп-қатерсіз жекпе-жек түрлері жоқ. Нартәуекел — ердің ісі. Бел шешіп, жеңістерге жетуге барымды саламын.

— Ендігі Bare Knuckle FC лигасы аясындағы алғашқы жекпе-жек қашанға жоспарланған?

— Келесі жекпе-жегім 2023 жылдың алғашқы айларына жоспарланған. Қазіргі таңда Алматыда жаттығудамын, жақын уақытта Америкаға аттанып сол жақта жаңа бапкермен тер төгуді жалғастарымын. 

— «Қазақ Титаны» деген ерекше лақап аттыңыз ертең америка жұртшылығының жадына да бірден жатталып қалатын тәрізді. Кім ойлап тапты? 

— «Қазақ Титаны» деген лақап атты өзім ойлап таптым. Ең төзімді темірдің бірі — титан. Осы қазақ халқының темірдей төзімді, жүректі жігіттерін әлем көріп мойындаса екен деген арманым болды. Bare Knuckle FC промоушені АҚШ-та және әлемде өте танымал лигалардың бірі. Осы сәт мен үшін өте маңызды әрі жауапты. Ел абыройын асыру үшін осы жолда аянбай еңбектенемін. 

— Кәсіпқой спорттың осы түрі елімізде әлі де таңсық, сынаушылар да жетерлік. Бұл ауыр жол салмақ емес пе?

— Ер жігіттің басына келетін іс көп. Алғашқы АҚШ-қа арналған сапарыма демеушілік танытқан кәсіпкер Гүлбану Есенқызына алғысымды айтамын. Кәсіпқой спорттың заңдылығы бір бөлек. Ол мемлекеттің тікелей қамқорлығында емес. Біз өз күшімізбен еңбек етіп жүрген спортшылармыз. 

— Жаңа келісімшарт жайлы толығырақ тарқатып айтсаңыз. Шарттары қандай? 

— Келісімшарт бойынша бір жылда 4 жекпе-жек өткізуім керек. Қазіргі таңда Bare Knuckle FC лигасындағы бірінші айқасқа арналған жаттығуға кірісу үшін АҚШ-та аттанамын. Одан бөлек Дубайда, Еуропа мен Қазақстанда айқас өткізу ойымда бар. 

— Сәттілік! 

-Рақмет!

По сообщению сайта SportInfo

Тэги новости: Соңғы жаңалықтар қазақша
Поделитесь новостью с друзьями