Популярные темы

Келер жылы жеңілдікті ипотека бола ма

Дата: 26 декабря 2023 в 15:17


Келер жылы жеңілдікті ипотека бола ма
Стоковые изображения от Depositphotos

Қазақстан тұрғындарына жаңа жеңілдікті ипотека қажет екені былтырдан бері айтылып келеді, бұған құрылыс пен банк секторында жылдам ақша жоқтығы қатты әсер етті.

Krisha.kz жағдайды зерттеп, қазіргі жеңілдікті ипотекалар қалай жұмыс істейтінін біліп, Қазақстанда жаңа жеңілдікті ипотека іске қосыла ма, жоқ па, анықтады.

Krisha.kz сайты қарашаның аяғында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінен жаңа ипотеканы іске қосу туралы сұраған еді, ведомство былай жауап берді:
— Бүгінгі таңда министрлік өз құзыреті шеңберінде нарықтық ипотекалық бағдарламалар әзірлемейді. Республикалық бюджеттен азаматтардың жекелеген топтарына «2-10-20» және «5-10-20» бағдарламалары арқылы жеңілдікті ипотекалық несие беру үшін ақша бөлінеді.

Бұл — 2 және 5%-бен берілетін ең арзан ипотека. Алайда мұндай бағдарлама арқылы әлеуметтік осал топтағы азаматтар ғана баспаналы бола алады. Үміткерлер екі негізгі шартқа сай болуға тиіс:
— соңғы бес жылда жеке баспанасы болмау қажет;
— тұрғын үйге мұқтаж азамат ретінде әкімдік кезегінде тұруы керек. 

Өнеркәсіп министрлігі 2022 жылы ипотекалық несие мөлшерлемесін субсидиялау механизмін жаңарту мәселесін қарастырғанын хабарлады. «7-20-25» бағдарламасының мерзімі ұзарғанына байланысты субсидиялау механизмін енгізу өзекті болудан қалды.

Субсидиялау механизмі — орта класқа арналған ипотека, оның іске қосылуы 2022 жылдың көктемінен бері айтылып, тіпті шарттары әзірленіп, «Ашық НҚА» сайтында талқыға түскен. Пайыздық мөлшерлемесі 11-12% болады деп жоспарланды. Бірақ бағдарлама қабылданбады.

1. «7-20-25» ипотекасы

Басты мәселе — өтініш беру өте қиын, ал мақұлданған өтінім бойынша несие рәсімдеу оңай.

Жыл басынан бері бағдарламаға бөлінетін ақша азайғандықтан, мәселе туындады. Жылына небәрі 100 миллиард теңге немесе тоқсанына 25 миллиард теңге бөлінеді. Сол себепті банктер жаңа өтінімдерді өте шектеулі түрде қабылдайды.

Салыстыратын болсақ, 2018 жылы бағдарлама басталғанда 100 миллиард бөлінсе, 2019-2022 жылдар аралығында жыл сайын 150–300 миллиард жұмсалды.

Жеті банктің ішінде ЦентрКредит пен Freedom Finance белсенді түрде өтінім қабылдап жатыр.

Жыл басынан 22 желтоқсанға дейін 7-20-25 бойынша 97.5 млрд теңге шамасында 5 961 несие берілді («Қазақстанның орнықтылық қоры» бағдарламасының операторынан алған ақпарат):

Банк

Берілген несие саны

Сомасы, теңге

ЦентрКредит

2 268

шамамен 37.1 млрд

Фридом Финанс

2 247

37.6 млрд

Халық банк

946

14.6 млрд

РБК

278

4.3 млрд

Altyn

165

2.9 млрд

Forte

32

560 млн

Еуразиялық банк

25

396 млн

100 миллиард теңгені құрайтын жылдық лимит желтоқсанның 22-не дейін жетті. Жыл аяғына дейін банктер несие беру шегіне жетеді.

Тоқсандық лимиттер қаңтар, сәуір, шілде және қазан айларының бірінші онкүндігінде жаңарады. Өтініш қабылдау мерзімін әр банктен алдын ала білу керек. Біреуі тоқсан сайын, кейбіреуі жарты жылда бір рет, көбіне алдын ала өтініш қабылдайды. Көптеген банк өтінім беру жүйесін автоматтандырған.

«7-20-25» ипотекасы Қазақстанда 2018 жылдан бері бар. 2018-2022 жылдар аралығындағы жалпы бюджеті 1 трлн теңге болды. Былтыр билік бағдарламаны жаппақ болды, бірақ президент оның мерзімін ұзартуды тапсырды. Ұлттық банк келіскенімен, жылына 100 млрд теңге лимит бекітті. Қаржы реттеушісі ипотека шартын өзгертпейтінін, жақсартпайтынын бірнеше рет мәлімдеді. 2029 жылға дейін осы форматта жұмыс істейді.

2. Отбасы банк «9-20-25» ипотекасын ұсынды

Қазақстан тұрғындары жаңа, неғұрлым қолжетімді ипотекаға үміт артты. Сондықтан «Отбасы банк» пен «Бәйтерек» холдингі жаңа бағдарлама әзірлеуге кірісті, оны жүзеге асыруға бюджет қаражатын пайдаланбайды.

Алдымен несие 20 % бастапқы жарнамен, 9 %-бен 25 жылға беріледі деген еді.

Содан кейін қанша сома бөлінетіні, қатысушыға қандай талаптар қойылатыны белгілі болды. Жыл сайын 150 млрд теңге (нарықтан 100 млрд теңге және Отбасы банктің таза табысынан 50 млрд теңге) бөлу жоспарланып отыр. Жылына 8 мыңға жуық отбасы ипотека ала алады.

Ипотека жұмыс істейтін жастарға арналған. Қатысушылардың соңғы бес жылда баспанасы болмау керек.

Пәтерді жаңа үйден (ҚТК кепілдігі болса) де, екінші нарықтан да таңдауға болады.

«9-20-25» қазір әзірленіп жатыр. Келер жылдың бірінші тоқсанында іске қосылатын шығар. Мамандардың пікірінше тұрғын үй бағасы бірден 10 пайыз өсуі мүмкін.

3. Депутаттар өнеркәсіп саласындағы жұмысшыларға жеңілдікті ипотека беруді ұсынды

Бұл мәселе мәжіліс депутаттарының бастамасымен талқыланды. Олар мамандардың жұмыстан шығуын тоқтату үшін өндеуші салаға арналған бағдарлама қажет деп есептейді.

Экономист Эльдар Шамсутдиновтың айтуынша, бұрын ірі компаниялар үшін жасалған мұндай ипотека бизнес үшін тиімсіз.

— Сондықтан мемлекеттің ақшасын пайдаланып, өнеркәсіптік кәсіпорындар атынан жеңілдікті ипотека беру жақсы идея емес. Салынып жатқан тұрғын үй сапасы төмендейді және 3-5 жылдан кейін барлығын капиталдау қажет болады. Оның үстіне үйді коммуналдық желі тартуға техникалық жағдай жасалмаған өндірістік нысандардың жанынан салады, — деп атап өтті сарапшы.

Жеңілдікті ипотеканы экономикалық тұрғыдан бағалаудың пайдасы жоқ, өйткені бұл әдеттегі әлеуметтік мәселе, дәлірек айтқанда, KPI орындау. Президенттің сайлау бағдарламасында жеті жылда 111 млн шаршы метр құрылыс салу керек деп жазылған. Бұл мәселені тұрғын үй бағасы мен маржа ең жоғары болған кезде шешуге тырысады. Нарық құлдырап бара жатқандықтан, соңғы сәтте барлығы бір мезгілде әлеуметтік мәселелерді шешуге күш салып жатыр.

По сообщению сайта Крыша

Поделитесь новостью с друзьями