Стоковые изображения от Depositphotos
Әжейдің 100 млн теңгесін жымқырған ұрыларды криминалист қорапта қалған аяқ іздері арқылы анықтады, – деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
2023 жылғы маусымда Петропавл қаласындағы пәтерлердің біріне қоңырау соғылды. Егде жастағы әжей есікті ашты. Босағада суға арналған «Аквафор» сүзгісі құрылғысын тиімді жеңілдікпен орнатуды ұсынған екі жас жігіт тұрды. Ақкөңіл әжей шақырылмаған қонақтарды үйге еш алаңдамастан кіргізді.
«Жас жігіттер уәде еткен жұмысты орындап, еш күдік тудырмады. Әжей көрші бөлмеден ақша алып шығып, орнатқан құрылғы үшін төлем жасады. Осы сәтте жігіттердің бірі ақша жасырылған жерді байқап қалған еді. Алаяқтар әжейді алдамақ болып, спектакль қойылымын қойды. Олардың біреуі әжейді сөзге айналдырса, екіншісі көрші бөлмеге өтіп, 100 млн теңге қаражатты жымқырды», — делінген ақпаратта.
«Сүйкімді» жігіттермен қоштасқан әжей ақшаның қолды болғанын да сезбей қалды. Ақшаның ұрланғаны туралы бірнеше күн өткеннен кейін белгілі болды.
Құрамында Петропавл қаласының ПБ ЖКБ аға криминалисі Ербол Мусин бар полиция қызметкерлері оқиға орнына келген бойда қылмыстың мән-жайы туралы нақтылай бастады. Ербол пәтерді мұқият қарап шығып, алаяқтар қалдырған сүзгі құрылғысының қорабынан іздерді тапты.
Іздер бойынша қылмыскерлердің жеке басы да анықталды. Олар Қостанай облысының тумасы болып шықты және біреуінің Петропавл қаласында тұрақты тұратыны белгілі болды.
Криминалистің кәсіби іс-қимылы негізінде қылмыс қысқа мерзімде ашылды, қаскөйлер ұсталып, ақшалай қаражаттың бір бөлігі әжейге қайтарылды.
По сообщению сайта Arna Press