Стоковые изображения от Depositphotos
Мемлекет басшысы Нидерланд Корольдігінің Премьер-министрі Марк Рюттемен кездесті, деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Әңгімелесу барысында саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастықты кеңейту перспективалары қарастырылды.
«Өзіңізбен 2015 жылы кездескен едік. Сол жүздесуді ерекше ықыласпен еске аламын. Сіздің өзара тиімді ынтымақтастығымызды дамытуға қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймыз. Сіз басқа әріптестеріңізге қарағанда Премьер-министр лауазымын ұзақ уақыт атқарып келесіз және халықаралық деңгейдегі тәжірибеңіз орасан зор. Сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өткім келеді. Нидерланд – Қазақстан экономикасының ең ірі инвесторы. Елімізге құйылған тікелей инвестиция 120 миллиард доллардан асты. Елдеріміз бірлескен ауқымды жобаларды жүзеге асырып жатыр», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Нидерланд Премьер-министрінің елімізге сапары Астана мен Амстердам арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасты дамытуға тың серпін беретінін атап өтті.
Марк Рютте екіжақты серіктестік деңгейін жоғары бағалады
Сондай-ақ ол Қазақстан мен Нидерландтың ықпалдастығын одан әрі жандандыру қажет екенін айтты.
«Мен Астанада алғаш рет 2010 жылы болдым. Бұл менің жаңа Премьер-министр ретінде Еуропа Одағынан тысқары жерге жасаған алғашқы сапарым еді. Содан кейін 2015 жылы сапармен келдім. Сол кезде жүргізген келіссөздеріміз әлі есімде. Екіжақты байланыстарымыздың қарқынды дамып келе жатқаны мені әрқашан таңғалдырады. Қазақстанның өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі теңгерімді ұстанымына айрықша құрметпен қараймын. Сонымен қатар еліңізді жаңа деңгейге көтеру үшін атқарып жатқан ісіңізді жоғары бағалаймын. Біз ауыл шаруашылығы, жасыл энергетика және су ресурстарын басқару салаларындағы идеялар мен әзірлемелерімізді бөлісуге дайынбыз», – деді Нидерланд Үкіметінің басшысы.
Келіссөз барысында сауда-экономикалық, энергетикалық және инвестициялық ынтымақтастықты, сондай-ақ көлік, инновация, атом энергетикасы, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, климат, су ресурстарын басқару салаларындағы байланыстарды нығайту жолдары егжей-тегжейлі талқыланды.
Тараптар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Сонымен қатар Еуропа Одағымен ықпалдастық аясындағы диалогты жалғастыру маңызды екеніне назар аударылды.
По сообщению сайта Arna Press