Стоковые изображения от Depositphotos
Семейде жаңажылдық шыршаны безендіру кезінде қала мектептерінің бірінде жұмыс істейтін қазақ тілі мен әдебиет мұғалімі биіктіктен құлап, ауыр жарақат алған, — деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі.
Бұндай оқиғаның орын алғаны жайлы, әлеуметтік желілерде ұстаздың достары мен таныстары хабарлады.
Жергілікті атқарушы органдар бұл жағдай бойынша әзірге ешқандай ресми пікір білдірген жоқ. Десе де, қоғамда бұл оқиға қызу талқы үстінде.
«Неге мектеп мұғалімдері Мәдениет бөлімі жауап беретін нысанды, демалыс күні, безендіруге шақыртылды?», «Қаланың бас шыршасын орнатуға, безендіруге миллиондаған қаржы бөлінген. Осы жұмысты атқару үшін мемлекеттік сатып алу конкурсын жеңіп алған мердігер қайда?»
Орын алған қайғылы оқиға жайлы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев әлеуметтік желіде жазба қалдырды.
«Семей қаласында мұғалімдерді жаңажылдық шыршаны безендіруге тарту және әріптесіміздің осы іс барысында жарақат алуы – заң бұзушылықтың айқын көрінісі.
Педагогтерді кәсіби міндеттеріне жатпайтын мұндай жұмыстарға тарту – «Педагог мәртебесі туралы» заңды өрескел бұзу деп санаймын. Бұл оқиғаға байланысты облыс басшылығы әділ әрі жан-жақты тексеру жүргізіп, алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктердің қайталануына жол бермеу үшін тиісті шаралар қабылдайды деп үміттенемін.
Мемлекет басшысы педагогтердің қоғамдағы рөліне ерекше мән беріп, олардың құқықтарының «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында қатаң сақталуын әрдайым назарда ұстап келеді. Осы орайда білім басқармалары мен бөлім басшыларына заң талаптарын қатаң орындауға ерекше назар аударуды ескертемін.
Қуат Айтқалиевтің отбасына шынайы қолдау білдіре отырып, оның тезірек сауығуын тілеймін. Қазіргі уақытта оған барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Бұл жағдай ерекше бақылауға алынды» — деп жазды министр.
Министрдің жазбасынан кейін облыстық білім басқармасы қызметтік тексеріс басталғанын хабарлады.
«Семей қаласында мұғалімдерді жаңажылдық шыршаны безендіруге тарту фактісі бойынша Абай облысының білім басқармасы барлық мән-жайды анықтау үшін қызметтік тексеріс бастады. Заң талаптарын бұзуға жол берген лауазымды тұлғалар тиісті жауапкершілікке тартылады».
Ал қалалық әкімдікте, орын алған жағдай бойынша журналистерге ресми жауапты дүйсенбі береді, деп айтты.
Сурет: жасанды интеллект көмегімен жасалды, ӘЖ скриншот
По сообщению сайта Arna Press