Стоковые изображения от Depositphotos
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті «Қылмыстық құқық бұзушылықтар картасын» әзірлеген. Оның мақсаты қылмыстар туралы өтініштерді тіркеудің ашықтығын қамтамасыз ету, сенімді қылмыстық-құқықтық статистиканы қалыптастыру. Бүгінгі таңда аталған функционал сәтті іске асуда. Өңірімізде бұл карта аясында қандай жұмыс жасалып жатқаны жайлы түсіндіру үшін Абай облысы прокуратурасының Қылмыстық саласындағы құқықтық ақпаратты қалыптастыру бөлімінің бастығы Әсет Мұқашев Arnapress.kz тілшісіне сұхбат берді.
— Әсет Слямханұлы, «Қылмыстық құқық бұзушылықтар картасы» қандай мақсатта әзірленді және оның негізгі функциялары қандай?
— Бұл карта қылмыстар туралы өтініштерді тіркеудің ашықтығын қамтамасыз ету және қылмыстылық туралы сенімді статистиканы қалыптастыру мақсатында әзірленді. Ол Қазақстан қалаларының картасында қылмыстық құқық бұзушылықтардың жасалған орындарын көрнекі түрде көрсетеді. Бұл азаматтарға өз аймақтарындағы қылмыстық ахуал туралы нақты уақыт режимінде ақпарат алуға мүмкіндік береді.
— Картада қандай мәліметтер көрсетіледі және олар қаншалықты жиі жаңартылады?
Картада «Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімі» ақпараттық жүйесінде тіркелген барлық қылмыстық құқық бұзушылықтар көрсетіледі. Мәліметтер жасалған орны, уақыты, біліктілігі және басқа да маңызды ақпаратты қамтиды. Ақпарат нақты уақыт режимінде жаңартылып отырады, яғни қылмыс тіркелгеннен кейін 10-15 минут ішінде картада көрсетіледі.
— Бұл функционал жалпыға қолжетімді ме және оны қалай пайдалануға болады?
— Иә, карта жалпыға қолжетімді. Кез келген азамат Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ақпараттық сервис порталына qamqor.gov.kz сілтемесі арқылы кіріп, облыс орталықтарының карталарында құқық бұзушылықтар туралы мәліметтерді, тіпті көше деңгейіне дейінгі ақпаратты көре алады.
— Абай облысы бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтардың статистикасы қандай?
2024 жылдың 11 айында Абай облысы бойынша картада төрт мыңнан астам қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, көрсетілген. Ең көп сотқа дейінгі тергеп-тексерулер href="https://aqparat.info/city/36177-semei.html">Семей қаласында тіркелген. Облыс орталығында оның саны – 3 241, Аягөз ауданында — 233, Жарма ауданында — 224, Бородулиха ауданында — 150, Үржар ауданында – 147.
— Қылмыс санаттары бойынша қандай өзгерістер байқалады?
— Орташа ауырлықтағы қылмыстардың саны 22,8%-ға және ауыр қылмыстардың саны 25,8%-ға азайғаны байқалады. Сонымен қатар, аса ауыр қылмыстар саны 16,8%-ға артқан, олардың өсуі Курчатов қаласы, Абай, Ақсуат және Үржардан басқа барлық аудандарда байқалады.
— Ал құқық қорғау органдарының жұмысына аталған карта қалай әсер етеді?
— Карта құқық қорғау органдарына қылмыстардың географиялық таралуын талдауға, қылмыстылықтың жоғары деңгейі байқалатын аймақтарды анықтауға және сол жерлерде алдын алу шараларын күшейтуге мүмкіндік береді. Бұл қылмыстардың алдын алу және оларды тергеу жұмыстарын тиімді ұйымдастыруға септігін тигізеді.
— Азаматтар картадағы мәліметтерді өздерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қалай пайдалана алады?
— Азаматтар карта арқылы өз аудандарындағы қылмыстық ахуал туралы ақпарат алып, қай жерлерде және қай уақытта қылмыстар жиі жасалатынын біле алады. Бұл оларға қауіпті аймақтардан аулақ болуға, сақтық шараларын қабылдауға және өздерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі.
По сообщению сайта Arna Press