Tengrinews.kz тілшісі «5:32» сериалының авторы әрі режиссері Әлішер Үтевпен сұхбаттасып, сценарий қалай жазылғанын, ондағы цензура мен ерекшеліктер туралы сұрады. Сонымен қатар, режиссер жобаны жарты жолда тастап, көп шығынға ұшыратқан танымал актер туралы және Қазақстандағы ең танымал каннибал туралы сөз қозғады.
TN: Сізге дейін «Вне протокола» кітабының авторы Асқар Жалдиновпен сұхбаттасып, «5:32» сериалы мен оның кітабын не байланыстыратынын сұраған едік. Осы сұрақты сізге де қойғым келіп тұр.
Осы тұста мәселенің басын ашып алғым келеді. Біз өз жұмысымызға асқан жауапкершілікпен қараймыз. «5:32» сериалына кіріспес бұрын көптеген материалмен танысып шықтым. Одан бөлек, интернетте бар ашық дереккөздерді сүзгіден өткізіп, ерекше ізденіске жол аштым. Ел тарихында болған қанішерлер мен маньяктар туралы мәлімет іздегенімде Асқар Жалдиновтың кітабымен танысқаным ақиқат. Оның үстіне, елдегі белгілі сайтқа Асқар мырзаның еңбегі жарияланыпты, әрине, толықтай емес, кейбір бөлімдерінен үзінді келтірілген. Иә, оқып шыққаным рас, бірақ мен ол істердің түпнұсқасын бұрын да зерттеген едім. Ең бастысы, бұл еңбек көркем шығарма емес қой, яғни кітапта шын өмірде болған қылмыстар суреттелген. Шынтуайтында, біз көптеген материалды негізге алдық, сондықтан тұтастай ұжымның еңбегіне күмән келтіруге болмайды деп есептеймін. Біздің шығармашылықта ұрлыққа жол жоқ. Сонымен қатар, күш құрылымындағы көптеген қызметкерлерден де кеңес алдық, бірнеше органға сұрау салдық. Біздің жұмыс бір күнде дайын бола қойған жоқ, осыны тағы да қайталап айтамын.TN: Сол сценарий қалай пайда болды және қанша уақыт алды?
Материал жарты жылдан астам уақыт бойы дайындалды. Үлкен ұжымдық топ жалданды. Оның қатарына бірнеше мықты маманды қостым. Жан-жақты көзқарас болсын деген ниетпен жастарды да тарттық. Өйткені біз өз сериалымызға аналог табылғанын қаламадық. Жарты жыл біреуге аз шығар, бәлкім, әлдебіреулер үшін көп уақыт. Дегенмен, күн-түн демей, сапалы контент жасауға бар күш-жігерін жұмсаған топ үшін жеткілікті кезең болды.TN: Жақсы, сценарий жазылды. Тым қатал емессіз бе? Біздегі дәстүрлі хэппи-энд қайда?
Сериал өрбуін қалай көрсем, тура сол ойымнан айнымай, қаз қалпында экранға шығарғым келеді. Иә, картина оңай емес, ішінде қан да бар, қаталдық та бар. Алайда басқаша қалай эмоция шақырамыз? Оның үстіне, сериалды шынайы оқиғаға негіздеп түсірдік, бұл жерде ешқандай да жеңілдіктер қарастырылмауы керек. Егер көңілшек адам болса, ол өзіне ұнайтын жанрдағы туындыларды оңай таба алады. Ал сырт көзбен қарағанда, көрермендер расында да сюжеттен жиіркеніп, қорқып немесе уайым кешсе, біз барлығын дұрыс жасадық деген сөз. Өйткені бастапқы миссия сол болатын. Шығармашылық топ пен сценаристердің күткені де осы. Осы тұста көрермен біздің команданың жанкешті еңбегін дұрыс бағаласа, бізге одан артық құрмет жоқ. Кез келген адам өз өмірін белгілі бір салаға арнап жатыр, былай қарағанда, көзге көрінбес, бірақ халық жаңашылдыққа шақырған барлық толқынды қолдап, жанашырлық танытса екен деймін. Неге десеңіз, шығармашылық адамдардың жұмысы, ең алдымен, халық үшін, бұған дәлел де іздеп әуре болудың қажеті жоқ.Режиссер 8-бөлімдегі маньяктың анасының ролінде ойнаған Ажаркүл Тәжібаймен
TN: «5:32» кейіпкерлері сезімін ашық білдіреді. Осы жерде ешқандай қарама-қайшылық байқамайсыз ба?
Біреудің көзқарасымен санасып, ессіз қолпаштай кетуді жөн көрмеймін. Егер сериалда құшақтасу не сүйісу керек болса, ешқандай проблема көріп тұрған жоқпын. Менің пайымымша, бұл жерде тұрған ешқандай да ұяттық жоқ. Ерлі-зайыптылар оңашада сүйіссе, біз бұл жерден бейәдепті іздемеуіміз керек деп ойлаймын. Әлде тоқсаныншы жылдары ешкім сүйіспеді ме? Мәселе көтерілмегенмен, ол жоқ деген сөз емес, бұл жерден еш жаңашылдықты байқап тұрған жоқпын.TN: Жақсы, нағыз жаңашылдықты сериалдағы сюжеттің құрылымынан таптық. Үрей болмады ма?
Әлбетте, бастапқыда уайым жегенім анық, бірақ мен әуел бастан авторлық сериал жасағым келді. Алайда көрерменнің қамын ойлап, алғашқы бөлімдерін дәстүрлі жанрда шығардық, себебі біздің елде бұл тәсіл бұрын-соңды қолданылмағандықтан, аудиторияны жоғалтып аламыз ба деген алаң болды. Кейін 5 бөлімнен бастап сюжеттердегі байланыс өзгеріп, кадрлар ауысымы басталды, демек бұл серияға дейін біз көрерменді дайындадық деген сөз. Эксперимент жасағанды жаным қалайды, бұл кез келген адам үшін үлкен тәжірибе деп білемін.TN: Тағы бір байқағанымыз, бұрындары сіздің каст кілең жұлдыздардан жасақталушы еді...
Мен режиссерлік еткен фильмдердің тек біреуінде бірқатар жұлдыз болды, десе де, оның өзі белгілі мақсатпен шақырылған адамдар еді. Сіз айтып отырған пікірмен келісе алмаймын. Көп жағдайда нарыққа жаңа тұлғаларды алып келгім келеді, өйткені еліміз нағыз талантты адамдарға кенде емес. Мұны менің кез келген жұмысымнан байқауға болады. Менің ойымша, бүгінде танымалдығы жоқ актерлерді басты рөлдерге шақырып, оларға үлкен жауапкершілік артқан режиссерлер жоқтың қасы. Бұл барып тұрған тәуекел екенін білесіздер. Мен осы алған бағытымнан қайтпаймын, алдағы уақытта да жас актерлермен жұмысым жалғаса береді.TN: Актерлерді өзіңіз таңдайсыз ба сонда?
Бастапқыда кастинг директоры мыңдаған актердің ішінен іріктеу жасап, өз ұсынысын маған өткізеді. Бұл кезде кез келген кандидат жан-жақты зерттеліп, арнайы тексерістен өтеді. Одан кейін өзім актерлермен жеке кездесіп, келесі кезеңге кім өтетінін шешемін. Дәл осындай тағы да бірнеше айналым болады. Барлық үміткерлер міндетті сынақтардан өтпейінше, нақты рөлге бекітілмейді. Бұл менің басты талабымның бірі деуге болады.TN: Сериалда неге Қазақстандағы ең танымал каннибал Николай Жұмағалиев жоқ? Әлде оның ролінде шығатын адам табылмады ма?
Ашығын айтайын, оған басымдық бергім келмеді, тіпті, оның аты да аталғанын қаламадым. Сериалдың концепциясын жасау барысында ол туралы көптеген материал бар екенін аңғардым. Оның ішінде деректі фильм де бар, сұхбат және басқа да арнайы шығарылымдар аз емес. Бұл менің пайымдауымша, хайпқа айналып кеткен тақырып болды. Тек Қазақстанда емес, әлемнің жарты елінде танымал қанішер менің сериалыма не бере алады деп ойлайсыз? Оның үстіне, менің миссиям хайп не интрузивті жарнама емес, менің қалауым — сапа. Қазақстанда одан басқа да маньяктар аз болмады, біз олардың бірнешеуін ашық көрсетіп, ескерту жасадық. Тек оларды емес, олардың психопортретін түсінікті тілде жеткізе білдік. Бұл да өзінше бір сигнал.Түсірілім алаңында
TN: Маньяктардың психопортреті деп қалдыңыз. «5:32» сериалында неге олар бір-біріне тым ұқсас?
Біз осындай күрделі тақырыпты мойнымызға алғаннан кейін жауапкершілікті толықтай сезінеміз, сондықтан барлық іс-әрекетіміз логика шеңберінен асқан емес. Иә, сериалдағы маньяктар бір-біріне ұқсас екенін дұрыс байқағансыз, бірақ басқа қалай болуы керек? Біз шындықтан асып кете алмаймыз, осыны түсінген абзал. Әрине, шетелдік фильмдерді көрсеңіз, онда жауыздардың мыңдаған классификациясын табуға болады. Біз де көркем туынды түсірсек, кейіпкерлерді қызықтыра түсер едік, бірақ бағытымыз басқа, сондықтан міндетті ережелерден аттап өтпейміз. Көрермен түсіністікпен қарайды деп сенемін.TN: Демек, сериалдағы жауыздардың барлығы шын өмірден алынды. Ал басты рольдегі жігіттер ше?
Сериалдағы барлық маньяк шын өмірде болған адамдар, тек басты антагонист ойдан шығарылған. Ал басты рольдерге тоқталсақ, Шалқар мен Думан жинақталған образдар, яғни Қазақстандағы құқыққорғаушылардың жалпы образы деуге болады. Жинақталған кейіпкер бейнесі актерді ғана қамтыған жоқ, сондай-ақ, біз оқиғалар болған тұтастай қалаға да арнайы атау берген жоқпыз. Неге десеңіз, тіркелген қылмыстардың барлығы елдің түрлі аймағында болған, тек бір-екі тергеуші емес, мыңдаған полиция қызметкерлері араласқан оқиғалар. Ең маңыздысы, сол кезеңдегі философия мен адам психологиясын дәлме-дәл көрсетуге тырыстық. Қалғаны аса маңызды емес деп ойлаймын. Кейбір көрермендеріміз осыны бетімізге салық қылып, мұны шығармашылық ізденіс деп қарастырып жатқан жоқ. Кейде біз қарапайым жанрды шатастырып алып жатамыз, тағы да қайталап айтамын, нақты дерек іздегендер болса, еш цензурасы жоқ деректі фильмдерді көре алады.TN: Цензура көп болды ма? Қандай проблемалармен бетпе-бет келдіңіз?
Цензура аз болмады. Кейбір маньяктардың төбе шашыңды тік тұрғызатын оқиғалары бар, бұл шынымен де адам шошитын іс-әрекеттер, сондықтан оны сериалға алудан бас тарттым. Кейде, тіпті, қанша жерден шын оқиға болса да, экранға шығаруға болмайтын дүниелер болады. Мен осының ара-жігін бірден ашып, өзімізге не керек екенін анықтадым.TN: Дәл осы шектеулер коммерцияға да әсерін тигізгені анық қой. YouTube-тің өз ережелері бар.
Әрине, жобаның YouTube-те еш шектеусіз болғанын қаладық, бірақ бұл желімен санасу керек. Оның үстіне, YouTube сериалға арналған алаң емес. Бастапқыда желінің шектеулеріне байланысты қаралымнан ұтыламыз деген ой да болды, бірақ сапалы контенттің бір жерді тесіп шығатынын білдік. Тек осы жағдай бойынша проблема тумаса, түсірілім алаңында цензура болған жоқ, өзім қалаған ойлардың барлығын жүзеге асырдым.TN: Екі платформаның салдарынан спойлер туралы көп әңгіме айтылып жүр...
Бір серияға қарап, ой қорыта салу қаншалықты дұрыс екенін білмедім. Кейінгі шыққан бөлімде «Соңғы іс» деген тақырып тұр. Бәзбіреулер мұны спойлерге балапты, бірақ бұл бар болғаны серияның тақырыбы екенін айтқым келеді. Біз әр бөлімнің неймингін жүз рет талдап, жан-жақты зерттедік. Біреуге спойлер болып көрінсе, басқасына жаңа бөлімнің не екенін аңғартатын бағыт қана.TN: Сонымен «5:32» сериалының қанша бөлімі қалды?
Бір ғана бөлімі қалды, яғни соңғы бөлімі.Сериал кадры
TN: Екінші маусымды түсіру жоспарда бар ма?
Екінші маусымды күтіп жүргендер аз емес. Қазірдің өзінде түрлі хабарламалар келіп жатыр, бірақ сериалдың жалғасы болмайтынын кесіп айтамын. Неге десеңіз, бұл өзі шарықтау шегіне жеткен оқиға болды, соңғы нүктесі қойылды, қазір оны қайта ақтарудың маңыздылығын көріп тұрған жоқпын. Сериалды соңына дейін көретіндер менің не айтқым келгенін жақсы түсінеді деп ойлаймын.TN: Сериал осы аптада бітсе, кейін стримингке шықпай ма?
Сериал әлі аяқталып болмағаннан кейін бұл сұраққа жауап беру қиын. Жобаны шетелдіктерге сату бойынша арнайы мамандар жұмысқа кірісіп кетті, әзірге ештеңе деп айта алмаймын. Менің естуімше, сериалға қызығушылық танытып, ұсыныс жасағандар тым көп, өйткені жоба шетелдік талаптарға сай. Өзіме келетін болсам, жақында ресейлік жобаға шақырды, алайда мен бас тарттым, өйткені кейбір шарттар бойынша түсініспеушілік пайда болды.TN: Шетелдік талаптар демекші, «5:32» хронометражы 40 минуттан асады. Бұл әдейі жасалған тірлік пе?
Бұл менің жеке қалауым еді, себебі мен оқиғаны қысқа қайырып түсіргенді ұнатпаймын. Оған қоса, 15-20 минутқа кез келген формат сай келе бермейді. Тағы да маңызды ескеретін жайт, мен веб-сериал емес, киносериал түсіремін. Көбісі интернетте шығатын сериал туралы әңгіме қозғалса, оның арзан және аз хронометражды болатынын айтады. Мен бұл пікірмен мүлде келіспеймін, мен, ең алдымен, сапалы контент арқылы Қазақстанның киноиндустриясын дамытуды көздеймін. Менің жобаларымның барлығы осы бір ұлы миссияның жетегінде жасалып жүр. Посмотреть эту публикацию в InstagramПубликация от 5.32 serial (@5.32serial)
TN: Сериалдың өзіне оралайықшы. Шалқар мен Думанның ролінде ойнаған актерлер түсірілім алаңындағы керемет атмосфера жайлы көп айтады. Оның құпиясын білгіміз келеді.
Ең алдымен, бұл нәтижеге жақсы сценарийдің арқасында қол жеткіздік. Актер мықты сценарийді қолына алса, бірден сол оқиғаның ішіне еніп кетеді. Ары қарай режиссер онымен атмосфераны басқа қырынан сезінуге жол ашып, жеке жұмыс жүргізеді. Ойлап қараңыздаршы, кәсіби грим, керемет локация, қажетті реквезиттер және басқа да түсірілім заттарының барлығы жобаның табиғатын түсінуге бағытталады. Біз бұл жолда еш аянып қалмадық. Тағы да ескеретін маңызды жайт, әдетте сериялар жан-жақты үнемделіп түсіріледі ғой, яғни бір пәтер ішінде бірінші серия мен төртінші бөлімдегі кадрлерді қатарынан алады. Бұл уақыт пен қаржыны үнемдейтін таптырмас амал, бірақ мен «5:32» үшін бұл жолдан да бас тарттым. Біз барлық серияны өз реті бойынша түсірдік. Әр локациядан келесі орынға бардық, ал түсірілім алаңдарының арасы кемінде 100 шақырым. Егер байқасаңыздар, тоғызыншы бөлімде Шалқар шашын тықырлап алып тастайды, ал келесі серияда біз бірнеше уақыт күтіп, оның шашы кішкене де болсын өскенін қаладық. Мұндай майда детальдерге көрермен назар аудармауы мүмкін, бірақ мұның барлығы тағы да үлкен команданың еңбегі.TN: Десе де, бір актеріңіз түсірілім алаңынан қашқан дей ме? Ол кім болды?
Негізі бұл жайтты түбін қалдырмай айтып бере аламын, бірақ әріптесіміздің жағдайын ойлап, кім екені белгісіз болып қалғанын дұрыс санап отырмын. Елімізге танымал актер, бірақ жасаған ісі басқаша сайрап тұр. Мәселе мынадан басталды, барлық түсірілім тобы Қаратау мен Жаңатастың арасында болды, ал актерлер Алматыда тұрады. Егер актер түсірілімге келетін болса, ол 10 сағатын жолға құртады. Ал ол кісі серияда бірнеше актер қамтылған эпизодтарға түседі. Кейіннен ол түсірілім ортасында бізді тастап кетті. Өзінің айтуынша, ауырып қалыпты, бірақ оның дәл сол уақытта басқа жобаларда бой көрсеткенін білеміз. Бір сөзбен айтқанда, ақшаның соңынан кетті. Ал біз немен қалдық? Бір актер үшін оның алдында түсірілген бөлімнің барлығын қайта бастадық. Өте қиын болды. Бірі шаш үлгісін ауыстырып үлгерсе, бірі, тіпті, келе алмады. Қысқасы, сол актердің кесірінен 2-3 аптамыз далаға кетті.3-бөлімдегі маньяк
TN: Неге Қаратау мен Жаңатас? Әлде 90-жылдарды сипаттау үшін таптырмас қалалар ма?
Өзім туған мекеннің кино әлеміне кішкене жақын болғанын қаладым. Десе де, ең бірінші кезекте ол жерлердің табиғаты ескерілді, егер байқасаңыздар, сериалда қаланы көрмейсіздер, көп жағдайда біз табиғат аясына акцент қойдық. Расында да, Қаратау мен Жаңатастың табиғаты бір бөлек, оны бұрыннан бері экранға шығарғым келіп жүрген еді. Сәті енді түсті. Тағы да түсіндіріп өтейін, біз белгілі бір аймақта түсірілім жүргізіп, дәл сол жердің абыройына нұқсан келтіргіміз келген жоқ. Желіде өткен ғасырдың соңғы жылдарын көрсету үшін арнайы осы облысқа барды деген хабар тарапты. Біздің бұған беретін жауабымызды білесіздер. 90-жылдардағы атмосфераға келетін болсақ, Қазақстанның кез келген кішкентай қаласына баратын болсаңыз, тура сериалдағы картинаны көресіз. Мұны жасырудың мәні жоқ. Алматы мен астанадан басқа өңірлердің барлығы инфраструктура дегенді ұмытты, сондықтан түсірілім үшін елдің кез келген аумағына баруға болатынын айтайын. Мәселе біз таңдаған локацияларда емес. Әрине, жүрегің ауырады, оның үстіне туған жерің. Мәселен, менің ауылымда әлі күнге дейін суды өшіріп қояды екен. Мен өз туындыларым арқылы осындай әлеуметтік тақырыптарды да көтеріп, оң шешім шығаруға өз ықпалымды тигізсем деймін. Алдағы уақытта жағдай өзгерсе, шабытым еселене түсетіні анық. Посмотреть эту публикацию в InstagramПубликация от 5.32 serial (@5.32serial)
TN: Сонымен «5:32» сериалының бюджеті қанша шықты? Табысы Жаңатасқа су тартуға жете ме?
Қаржы мәселесі бойынша ешқандай да ақпарат бере алмаймын, өйткені келісімшартты бұзған боламын. Дәл осы тақырып төңірегінде кеңінен төселуге болар еді, бірақ жобалап түсінідіріп көрейін. Сериалдың бюджеті өте-мөте аз болды, басқа жобалармен салыстыруға да келмейді. Алайда бар мәселе ақшаға келіп тірелмейді. Біз болмасақ, басқа кім деген сұрақ көкейді тесіп жіберетіндей. Егер сен өз еліңнің патриоты болсаң, кез келген істі ала беруге болады. Мейлі, төлемі аз болсын, ол маңызды емес. Біздің оянатын уақытымыз келді. Иә, елде шешілмеген түйін көп, бірақ дұрыс бағытты тауып, қимылдамасақ, нәтиже жоқ. Бүгінде көптеген талантты жастар шығып жатыр, бірақ біз оларды сапалы контентпен сусындатып отырған жоқпыз. Осыдан екі жыл бұрын Желінің трендтерін қарап, қазақстандық көрермендердің соншалықты сапасыз дүниені амалсыз көріп отырғанын байқадым. Кейінгі уақытта жарық көрген сериалдарымның басты мотивациясы осыдан басталады.TN: Ендігі бағыт қайда? Не күтеміз?
Алдағы уақытта да жаңа сериалдар пайда болады. Бұл бағытта нақты шаралар жасалып жатыр. Әзірге жоспары дайын тұр. Қоғамды алға сүйрейтін жобаларға басымдық бердім. Сонымен қатар, ақылы контентті қолға алуды көздеп отырмын, яғни енді біздің туындыны тегін емес, сатып алып көруге ғана болады. Әрине, бұл деңгейге жету үшін тағы да жұмыс істеу керек, бірақ қолдан келетін шаруа деп білемін.Әңгімелескен Мұхтар Жәмішжанов
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
По сообщению сайта Tengrinews