Семей тұрғыны көлігін бүлдіріп кеткендерді жауапқа тарта алмай отыр

Дата: 15 февраля 2023 в 00:38

Arnapress.kz редакциясына Семей қаласының тұрғыны Лязат Назкенова жүгінді. Әйелдің айтуы бойынша белгісіз біреулер көлігін бүлдіріп, екі дөңгелегін тесіп тастады. Алайда кінәлілер жауапқа тартылған жоқ. Бұзақылық әрекеті бейнекамераға түсіп қалған. Лязат Назкенова бірден полиция шақырды, дегенмен кейінірек іс тоқтатылып, орын алған жағдайды сот арқылы шешу ұсынылды.

«Мен жұмыстан сағат 16:00-де шығып, автотұраққа барғанда Хюндай Гетс маркалы көлігім екі жағынан әдейі тырналып, екі дөңгелекті тесіп кеткенін көрдім. Көлік Қайым Мұхамедханов 12, А мекенжайында тұрды, келтірілген залал — 400 000 теңге. Бейнебақылау камерасынан менің көлігімді тырнап жатқан адамды көруге болады», — дейді Лязат Назкенова.

Бұл ретте ол жергілікті жерде келтірілген залалды нақты бағалау жүргізілмегенін атап өтті.

Жәбірленуші полицияға арыз жазды, бірақ кейінірек бұл материал «қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық құрамының жоқтығы үшін» деген тұжырыммен номенклатуралық істен алынғанын білді.

«Орын алған жағдайды пысықтау кезінде куәгерлерді шақырып, сауалнама жүргізу мүмкін болмады. Дүкен камераларынан бейнежазбалар ұсынылды, бірақ ондағы тұлғалардың бейнесін анықтау мүмкін болмады. Бұл фактіде ҚР ҚПК-нің 204-бабына сәйкес (Абайсызда жасап, ірі залал келтіріп бөтеннің мүлкін жою немесе бүлдіру) қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы ресми түрде көрінеді. Алайда, өтініште көрсетілген залал сомасы АЕК мөлшерінің 1000 еселенген мөлшерінен аспайды. Осы орайда азаматтық-құқықтық қатынастар қарастырылады. Сотқа азаматтық тәртіпте материалдық залалды өндіріп алу үшін талап арызбен жүгіну ұсынылады», — делінген полиция баянатында.

Ал Орталық Полиция бөлімінің бастығы Ж.Десюповтың арыз білдерген азаматшаға жауабы келесідей болды:

«Семей қаласы ЖПҚ Орталық полиция бөлімінің қызметкерлері тексеру жүргізді. Оның нәтижелері бойынша материал номенклатуралық істе есептен шығарылды, себебі сіз көрсеткен деректерде қандай да бір әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзушылық құрамы жоқ. Осы факті бойынша Семей қаласының №1 сотына жүгіну қажет», — делінген жауапта.

Мұндай жауап жәбірленушінің көңілінен шықпағаны анық. Лязат Назкенова облыс прокуроры Ерлан Абаевтың атына өтініш жазып, орын алған жағдайға байланысты енді полиция қызметкерлеріне қатысты шаралар қабылдауды сұрады. Облыстық прокуратура шағымды қарастыру үшін Абай облысы бойынша ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің басқармасына тапсырды.

Бірнеше күннен кейін ведомстводан ресми жауап келді. Онда (полиция есебіндегідей) «абайсызда» емес, басқа біреудің мүлкіне «қасақана» зиян келтіргені үшін деген бап бойынша өтініш қаралды. Бірақ бұл жағдайда да қылмыс құрамы жоқ екені жазылды.

«Өтініш Семей қаласының ПБ Орталық полиция бөлімінің ақпаратты есепке алу кітабында тіркелген және кейіннен қараусыз қалдырылды. Жоғарыда аталған шешім ҚР ҚК-нің 202-бабына сәйкес «Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру» кезінде елеулі залал келтіру қажеттігіне байланысты болуы қажет.  ҚР ҚК 3-бабына сәйкес елеулі залал айлық есептік көрсеткіштен екі жүз есе асатын соманы көздейді. Сонымен бірге келтірілген материалдық залалдың сомасы айтарлықтай залалдың белгіленген мөлшерін құрамайды. Осыған байланысты ҚР ҚПК-нің 179-бабына сәйкес жазбаша нысанда жасалған және сот жарамсыз, жалған немесе өтірік деп танымаған азаматтық-құқықтық мәмілелерді орындамауға немесе тиісінше орындамауға негізделген бұзушылықтар жөнінде қылмыстық құқық бұзушылық туралы арыз, хабар немесе баянат тіркелуге жатпайды. Баяндалғанды ескере отырып, қабылданған шешім негізді болатынын хабарлаймыз. Күшін жоюға негіз жоқ», − деді басқарма бастығының міндетін атқарушы Тоқбергенов.

Қайткенмен, Ләззат Назкенова орын алған жағдайға көз жұма қарай алмайтынын айтады. Көлігін бүлдіріп кеткен қаскөйді, қайтсе де, заңды түрде жазаға тартуға ниетті. Ендігі кезекте Лязат облыс прокурорының қабылдауына жазылды. Қажет болған жағдайда, оған ұсынылғандай, сотқа жүгінуге дайын.

Суреттер: Лязат Назкенова

По сообщению сайта Arna Press