«Талдықорған-Қалбатау-Өскемен» күре жолының жобасы аяқталды

Дата: 25 декабря 2024 в 12:18 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

2024 жылдың 25 желтоқсанында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы еліміздегі ең ірі «Талдықорған-Қалбатау-Өскемен» республикалық автомобиль жолын қайта жаңарту бойынша негізгі жұмыстардың аяқталғаны туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мәліметінше, қайта жаңарту жұмыстары осы жолдың 287-1013 шақырым аралығында жүргізілді.

Жалпы ұзындығы 768 шақырымнан тұратын жолдың 38 шақырымы І техникалық санатқа, 730 шақырымы ІІ техникалық санатқа ауыстырылды.

Жоба жұмыстары Абай, Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстарының аймағында жүргізіліп, 16 учаскеден тұрды. Жолды салуға 27 млн текше метр жер төсемі пайдаланылып, 768 шақырым аралықта қиыршық тасты-мастикалық асфальтбетон жабыны төселді.

Сондай-ақ, 54 көпір, 6 көлік айрығы мен 745 су өткізгіш құбыр орнатылып, демалыс алаңдарында мобильді санитарлық-гигиеналық кешендер салынды.

Аталмыш жұмыстарға 1812 бірлік арнайы техника мен 2788 жұмысшы маман жұмылдырылды. Бүгінгі күні Талдықорған қаласынан Өскемен қаласына дейін 768 шақырым аралықта толық көлік қозғалысы қамтамасыз етілді.

Жаңадан салынған «Талдықорған-Қалбатау-Өскемен» республикалық маңызы бар автомобиль жолы аймақтар арасындағы көлік байланысының дамуына және сауда-экономикалық қатынастардың артуына септігін тигізетін болады.

Сурет: «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы

По сообщению сайта Arna Press