Ұшақ апатынан зардап шеккендердің қазіргі жағдайы қандай

Дата: 26 декабря 2024 в 12:28 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Ұшақ апатынан зардап шеккендердің қазіргі жағдайы жайлы айтылды, — деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұған дейін хабарланғандай, Маңғыстау облыстық ауруханасына 27 зардап шегуші жеткізілді. Науқастардың 15-і әзірбайжандық, сегізі ресейлік және үшеуі Қырғызстан азаматтары, ал біреуінің азаматтығы белгісіз.

Олардың 11-і реанимацияда, 13-і травматология, 2 адам — нейрохирургия және біреуі — хирургия бөлімінде.

«Науқастар әртүрлі жарақаттармен түсті, негізінен оларға жабық бас миының жарақаты, мидың шайқалуы, жабық кеуде жарақаттары, 1-2 дәрежелі травматикалық шок диагноздары қойылды. Реанимация бөлімшесіндегі 11 пациенттің үшеуі тұрақты ауыр жағдайда, жетеуі ауыр жағдайда және бір пациент өте ауыр, тұрақсыз жағдайда. Қабылдау кезінде зардап шеккендерге барлық қажетті тексеру түрлері жүргізілді, жағдайы тұрақтанғаннан кейін бейіні бойынша ауруханаға жатқызылды», – деп хабарлады ведомствода.

Барлық науқастар ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің диагностика және емдеу хаттамасына сәйкес толық көлемде ем алады.

Тергеу органдары екі пациенттің жеке басын анықтау бойынша жұмыс жүргізді. Олардың бірінің Әзірбайжан азаматы екені анықталды.

Сондай-ақ, санитарлық авиация желісі бойынша Астана қаласынан Ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығының және жетекші республикалық орталықтардың жоғары білікті мамандары келді.

«Жоғарыда аталған мамандардан басқа, Әзірбайжан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мен ТЖМ арнайы кеңесі, санавиация бригадасы келді. Барлық зардап шеккендерді қарап шықты, жұмыс тактикасы келісілді. Сондай-ақ науқастармен және туыстарымен психологтар тобы жұмыс істейді», — деп толықтырды облыстық денсаулық сақтау басқармасында.

Сондай-ақ, олар бүгін, 26 желтоқсанда сағат 08:30-да Ресей Федерациясының ТЖМ орталық аппаратының санитарлық авиациясының борты өз азаматтарын эвакуациялағанын хабарлады.

Кейінгі мәлімет бойынша, Ақтаудағы ұшақ апатынан аман қалғандар саны — 29 адам. Ұшақ құстармен соқтығысқан болуы мүмкін. Бортта Қазақстан азаматтары да болған. Ұшақта болған алты қазақстандықтың бәрі қаза тапты.

Сурет: akorda.kz 

По сообщению сайта Arna Press