
Абай ауданының Саржал ауылында дәрігерлік амбулатория мен Орда ауылында медициналық пункттің ашылу салтанаты өтті, — деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі.
Саржал ауылында жұмысын бастаған дәрігерлік амбулаторияда емшара қабылдау мен физиотерапия кабинеті бар. Жаңа медициналық нысан заманауи стандарттарға сай келеді. Қажетті кабинеттер мен алғашқы медициналық көмек көрсету қарастырылған.
Аудан әкімі Мейіржан Серікбосынұлы ауыл тұрғындарын құттықтап, медициналық нысандардың заман талабына сай салынғандығын атап өтті.
«Мемлекет тарапынан ауылдық аймақтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөліп отыр. Медициналық нысандар – ауыл тұрғындарының денсаулығын қорғау жолындағы маңызды қадам. Енді ауыл тұрғындары сапалы алғашқы медициналық көмекке қол жеткізе алады», — деді аудан әкімі.
Аудан тұрғындары да ризашылықтарын білдіріп, енді медициналық көмектің қолжетімді болатынын айтты.
«Енді ауылымызда өзіміздің медициналық пунктіміз ашылды. Бұрын дәрігерге қаралу үшін аудан орталығына баруға мәжбүр едік. Енді алысқа сабылмай-ақ, қажетті медициналық көмекті өз ауылымызда ала аламыз. Ең бастысы, ауылымызға кәсіби мамандар келіп жұмыс істеді. Бұл – мемлекеттің халыққа деген қамқорлығы деп білеміз», — дейді Саржал ауылының тұрғыны Бақытжан Ережепбайұлы
Орда ауылында жүмысын бастаған медициналық пунк те барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Мұнда алғашқы көмек көрсету, медициналық тексерістер өткізу және науқастарға алғашқы көмек беру мүмкіндіктері қарастырылған.
Орда ауылының ақсақалы Ысқақ Берікқан жиналғандарға батасын беріп, ауылдағы ағайынға жасалып жатқан жағдай үшін алғысын білдірді.
Естеріңізге сала кетейік, Жобаның тапсырыс берушісі – Абай облысының құрылыс басқармасы. Өткен жылы жоба аясында 60-тан астам алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандарының құрылыс жұмыстары аяқталды.
Сурет: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
По сообщению сайта Arna Press