Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі.

Дата: 28 февраля 2025 в 23:38 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі. Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің осы әдеп кодексі (бұдан әрі – Кодекс) мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінің стандарттарын белгілейді және қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін және парасаттылық атмосферасын қалыптастыруға, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған. Мемлекеттік қызметшінің қызметтік міндеттерді орындау кезіндегі сырт келбеті мемлекеттік аппараттың беделін нығайтуға ықпал етуге, ресмилікпен, ұстамдылықпен және ұқыптылықпен ерекшеленетін жалпыға бірдей қабылданған іскерлік стиліне сай болуға тиіс. Мемлекеттік қызметші елді тиімді басқару үшін иеленуі керек негізгі қасиеттер ерекшеленеді. Бұл-жоғары моральдық жауапкершілік, кәсіби білім, оларды түзетуге қолдана білу, адалдық, белсенді өмірлік ұстаным.
Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі мынадай қағидаттарға негізделеді: 1) адал ниеттілік – қоғам игілігі үшін мемлекетке кәсіби және жауапты қызмет ету; 2) адалдық – өз міндеттеріне шынайы көзқарас; 3) әділдік – жеке және заңды тұлғалардың, қоғамдық топтар мен ұйымдардың ықпалына қарамастан заңды шешім қабылдау және кез келген мән-жайлар бойынша біржақтылық пен субъективтілік себебінен адамдарды кемсітуге жол бермеу; 4) ашықтық – жұртшылықпен жұмыс істеуге дайын екенін көрсету және өз іс-қимылының ашықтығын қамтамасыз ету; 5) сыпайылық – азаматтар мен әріптестерге дұрыс және құрметпен қарау; 6) клиентке бағдарлану – мемлекеттік қызметтерді тұтынушы ретінде халықтың сұраныстарына толықтай бағдарлай отырып, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және жолданымдарды қарау кезiнде төрешiлдiк көрiнiстерiне және әуре-сарсаңға салуға жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі қоғам өмірінде ерекше рөл атқарады. Ол қоғамның тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуді және қоғамдық мүдделерді ең үздік және тиімді тәсілмен қанағаттандыруды білдіреді.

Жамбыл облысы Әділет департаментінің Әкімшілік  бөлімінің бас маманы Е.Салманова

По сообщению сайта Магнолия