Жалған құжат, есірткі және заңсыз қаржы тасымалы: Абай облысының шекара қызметі өткен айда бірқатар заң бұзұшылықтың жолын кесті

Дата: 14 марта 2025 в 16:48 Категория: Соңғы жаңалықтар қазақша

Жалған құжат, есірткі және заңсыз қаржы тасымалы: Абай облысының шекара қызметі өткен айда бірқатар заң бұзұшылықтың жолын кесті

ҰҚК Шекара қызметінің Абай облысы бойынша департаменті ақпан айындағы жұмыс нәтижелерін жариялады, — деп хабарлайды Arnapress.kz тілшісі.

Жалған құжатпен шекарадан өтпек болды

7 ақпанда Ауыл теміржолдық шекаралық бақылау бөлімшесінде Моңғолия азаматы. ұсталды. Ол Қазақстан азаматы атына тіркелген жалған құжатпен шекараны кесіп өтпек болған. Оған қатысты әкімшілік шаралар қолданылып, ҚР Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізуге рұқсат берілмеді.

Жасырын қаржы алып өтпек болғандар анықталды

Жезкент шекаралық бақылау бөлімшесінде Ресей азаматы жеке заттарын тексеру барысында 11 000 АҚШ доллары анықталды. Бұл дегеніміз 5 647 180 теңге. Ал бұл қаржы ҚР Президентінің №830 Жарлығына сәйкес шекарадан өткізуге тыйым салынған қаражат қатарына жатқызылды.

Ауыл автомобильдік шекаралық бақылау бөлімшесінде Қырғызстан азаматы 80 000 АҚШ долларын, яғни 40 480 000 теңгені заңсыз алып өтпек болғаны анықталды. Заңсыз қаражатпен өту әрекетіне тосқауыл қойылды.

Қос азаматтығы бар тұлға анықталды

Өткен айда  Ауыл теміржол шекаралық бақылау бөлімшесінде Новосибирск – Алматы бағытындағы жолаушылар пойызымен келе жатқан Ресей азаматының қос азаматтығы бар екені анықталды. Жүк тексеру барысында оның ҚР азаматы атына берілген төлқұжаты табылды. Ол шекарадан өткізілді, бірақ тиісті шаралар қабылдау үшін Бородулиха аудандық полиция бөліміне тапсырылды.

Тыйым салынған жүктерді тасымалдау әрекеттері тоқтатылды

Ауыл шекаралық бақылау бөлімшесінде ҚР азаматы сұйытылған газды заңсыз алып өтпек болған. Оның жүк көлігінен 1 250 000 теңге тұратын 250 қорап «портативті құрылғыларға арналған әмбебап газ» табылды. ҚР заңнамасына сәйкес, сұйытылған газды автомобиль және теміржол көлігімен шығаруға тыйым салынғандықтан, жүк шекарадан өткізілмеді.

Есірткі заттарын алып өтпек болғандар ұсталды

12 ақпанда Ауыл автомобильдік шекаралық бақылау бөлімшесінде қызметтік иттің көмегімен Ресей азаматы ұсталды. Жеке заттарын тексеру барысында есірткі заттары табылып, ол Бородулиха аудандық полиция бөліміне тапсырылды.

Келесі күні «Тосқауыл» жедел-алдын алу шарасы аясында басқа Ресей азаматының көлігінен өсімдік тектес есірткі заттары табылды. Оған қатысты құқық қорғау органдары тиісті шаралар қабылдады.

ҰҚК Шекара қызметінің Абай облысы бойынша департаменті Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту, тыйым салынған жүктерді алып шығу және есірткі тасымалдау әрекеттеріне жол бермеу мақсатында қатаң бақылауды жалғастыруда. Шекара қызметі азаматтарды ҚР заңдарын сақтауға шақырады және кез келген құқықбұзушылықтың алдын алу үшін жедел шаралар қабылдайтынын ескертеді.

Сурет: ҰҚК Шекара қызметінің Абай облысы бойынша департаменті 

По сообщению сайта Arna Press